You are here

«Ұлы дала елі — Тәуелсіздіктің 25 негізі» тақырыптық күндері аясындағы шаралар бастау алды

22.11.2016, 15:16   454

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын кеңінен мерекелеу мақсатында, 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында «Ұлы Дала елі — Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 тақырыптық күн өткізу жоспарланған. 25 күннің әрқайсысы өткен ширек ғасыр ішіндегі елдің ең ірі табыстарына арналмақ: барлық жақсылықтардың бастауы болған Қазақстан халқының бірлігі; ҚР Конституциясы; шекараның бекітілуі; ұлттық валюта; спорттағы жетістіктер, т.б. Осы тақырыптар аясында Ақтөбе қаласының өзінде 200-ден аса мәдени-көпшілік, әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастыру көзделіп, 37 жаңа нысан — өндіріс орны, әлеуметтік нысандар — ашылады деп күтіліп отыр. Облыстың барлық аудандарында осындай шаралар өтетін болады.

Ақтөбеде Тәуелсіздік мерейтойына арналған 25 тақырыптық күн аясындағы шаралардың салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты жиынға Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі:

— Биылғы жыл — қазақстандықтар үшін тарихи жыл. Осыдан ширек ғасыр бұрын дүниежүзінің картасында Қазақстан атты тәуелсіз ел пайда болды. Содан бергі 25 жылдың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы үлкен табыстарға жетті, еліміз әлемге танылып, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Соның ішінде, Ақтөбе өңірінің жұрты да көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің әр саладағы табыстарына өз үлесін қосты. Біздің ең қымбат қазынамыз, ең басты жетістігіміз — халқымыздың бірлігі. Бірліктің арқасында елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Ал тыныштық пен тұрақтылық қашанда — дамудың кепілі. Биыл, міне, жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтіп келеміз. Біздің өңірдің өзінде бүгінге дейін Тәуелсіздік мерейтойына арналған 4 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Біз осы мерейтой аясындағы шараларға барлық ақтөбеліктер үлес қосса, қамқорлыққа зәру жерлестеріміздің әрқайсысына игі ниет, ізгі ісіміз арқылы қолдау көрсетсек, тәуелсіздік тойын баршамыз тілегіміз бір жерден шығып, ынтымақпен атап өтсек дейміз. 25 жұлдызды күн аясындағы шаралар сәтті өтсін деп тілеймін, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев барлық кәсіпорындар мен мекемелер басшыларына халықтың 25 жылдық мерейтойды лайықты атап өтуіне жағдай жасау, жалақыға байланысты қарыздарды өтеу тапсырылғанын айтты. Ол жиналғандарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, өзінің ақ тілектерін жеткізді.

Бұдан соң залға М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары мемлекеттік Елтаңба мен Туды көтеріп әкелді. Салтанатты жиынға қатысушылар орындарынан тұрып, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады.

Одан әрі шара 25 жұлдызды күннің тақырыптары бойынша жалғасты: «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбына арналған бөлімде «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі композиция қойды; ал «Ұлттық валюта» тақырыбында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері 1993 жылы шыққан алғашқы теңгелерде бейнеленген халқымыздың ұлы перзенттері — Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр және Абылай хандар тұлғасын сомдап, бүгінгі ұрпаққа солардың өсиет-тілектерін жеткізді, еліміздің 25 жыл ішіндегі жетістіктерін ақындар жыры арқылы паш етті.  Ал шараның «Отбасылық құндылықтар» тақырыбына арналған бөлігінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары — Нұсқабаевтар әулеті ортаға шақырылды. Әулет басшысы —  жұбайымен 72 жыл отасып, 10 бала, 31 немере мен 22 шөбере сүйіп отырған Абдолла Нұсқабаев ақсақал жиналғандарға өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, ақ батасын берді. Балалар үйінен 11 бала асырап алған Өмірхан және Амангүл Жетесовтер балаларымен бірге өнер көрсетті. «Ғылым мен жаңа технология» бөлігінде Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының оқушылары өздері жасаған шағын роботтарды көпшілік назарына ұсынды.

Басқа да тақырыптарда ән-би, театрландырылған көріністер қойылып, «Арай» үлгілі би ансамблі, «Сұңқар» вокалдық тобы, Ақтөбедегі №21 орта мектептің оқушылары, «Аққайың», «Аманат Балақай» балабақшаларының бүлдіршіндері, т.б. өнер көрсетті.

Шара соңынан жастар мен балалар салтанатты жиын өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимараты алдында 25 мың шарды әуеге ұшырды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Ақтөбе газеті

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 02 96

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15